«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде «Дәстүрлі ислам – ұлттық бірегейліктің рухани негізі» атты дөңгелек үстел өтті. Айтулы жиын «Қазақстандағы дәстүрлі ислам: ғылыми-тәжірибелік негіздері мен дамыту жолдары» жобасы аясында ұйымдастырылды. Ілкімді іс-шараға оқу ошағының ректоры Ахмед Хуйсейн Мухамед Ибраһим мен проректор, PhD доктор Ершат Ағыбайұлы Оңғар арнайы қатысты.
Дөңгелек үстел барысында университет ректоры сөз сөйлеп, дәстүрлі исламның келешек дамуына қатысты үндеу жасады:
«Дәстүрлі исламның тамырын тереңге жайғаны белгілі. Ол қашанда өз өміршеңдігін тоқтатпауы тиіс. Біз оны ғылыми бағдарламалық жағынан әлі де жетілдіруіміз керек. Дәстүрлі исламның әуелгі қалпы мен қаншама жылдық тарихын жоймай болашақ ұрпаққа жеткізу – бәріміздің борышымыз».
Жиында университет проректоры, PhD доктор Ершат Оңғар Ағыбайұлы да сөз сөйлеп, дәстүрлі исламның қоғамдағы мән-маңызын арқау етті:
«Қазақстандағы Ислам құндылықтарының қазақ салт-дәстүрімен ғасырлар бойы синкреттеліп қалыптасқан негіздерін терең зерттеу және оларды қазіргі заман мен ұлттық руханият талабына сай бейімдеу маңызды. Еліміздің көпмәдениетті кеңістіктен тұратыны белгілі. Десе де, біз жіті зерделеуге бет бұрған дәстүрлі Ислам – ұлттық бірегейліктің, рухани құндылықтардың, әлеуметтік тұрақтылықтың арқатірегі болып қала бермек».
Одан бөлек, ғылыми басқосуда ҚМДБ-ның Діни білім және кадр дайындау бөлімінің басшысы Хасан Аманқұлов Ташайұлы онлайн форматта қатысып, «ҚМДБ-ның концептуалды құжаттары: Дәстүрлі исламды институционалды нығайту жолы» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар, дөңгелек үстелге қатысқан белгілі дінтанушы ғалымдар, сарапшылар мен дін өкілдері дәстүрлі діннің ғылыми-тәжірибелік мәселелері бойынша өз ой-пікірлерін ортаға салды.